27 Ақпан, 2017

«Бір әнін қазағымның салып кетсем...»

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Өлмейтұғын ұлы ағыс» атты жобасының алғашқы тұсаукесері белгілі ақын, әнші, сазгер, Халықаралық «Алаш» және Александр Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, Саха (Якутия) Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынай Оразбаеваға арналған «Бір әнін қазағымның салып кетсем...» атты әдеби-сазды еске алу кешімен ашылды. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылының тумасы Тұрсынай Оразбаеваға ақындық, әншілік, сазгерлік қасиет әкесінен қонған сыңайлы. Оразбай домбыра, скрипка, баянда ойнайды екен. Отбасындағы 14 перзенттен Ілескүл, Фатима, Тұрсынай, Ержан ғана тірі қалыпты. Сол себепті де ата-анасы ырымдап қыздарына Ілескүл, Тұрсынай деген есім қойған көрінеді. Ілескүл қобыз тартудың шебері. Ал жастайынан өлең-жырға асық болған, ғашық болған Тұрсынай тым ерте есейген. С. М. Киров атындығы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің) журналистика факультетін, Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтының жоғары әдебиет курсын бітірген. Шымкенттегі облыстық қазақ драма театрында, радиокомитетінде, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында қызмет істеген. Кейіннен арман  қала – Алматыға ауысқан. 1983 жылы  Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов бастаған делегацияның құрамында Саха  (Якутия) Республикасында өткен қазақ әдебиеті, мәдениеті, мен өнерінің күндеріне қатысқан.  Сонда  жергілікті халықтың «Сардаана» әнін  нәшіне келтіре орындағаны үшін оған Саха (Якутия) Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы беріледі. Уақыт өте келе қызының атын да Сардаана деп қояды. «Шын мәнінде ақындық әйелден бастау алған», «Өнерге қашанда шынайы тазалық керек», – деп ұғынған ол әрдайым поэзияға адалдық танытқан. «Таң шапағы», «Іңкәр жүрек әуені», Мен сенің көктеміңмін», «Гүлсезім», «Ғашық әнім», «Нұрлы әнім», «Домбыра мен хомус» (саха тілінде), «Арманымның оттары» (орыс тілінде), «Туған далам» (тува тілінде) атты жыр жинақтары жарық көрген. Саха ақын-жазушыларына арналған «Сардаана – Әсиягүл» деген ән жинағы шыққан. «Мәскеу мен Астана», Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы жазылған «Нұр сәулетті Нұр-аға»,  «Түркістан», «Сайрам сазы», «Қайнарбұлақ – бал бұлақ», «Төле бидің ұрпағымыз», «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы халықтарына арналған «Достық туралы жыр», «Наурыз – салтанатым сен», «Сайыпқыран сарбазым», «Күнім, айым, жұлдызым!»,  «Гүлсезім», «Жайнап қарағаның-ай!» әндері халық арасында кеңінен танымал. Облыстық «Отырар» кітапханасындағы «Оңтүстік қаламгерлері» атты арнайы бөлмеде ақынның бұрышы ашылып, қаламгердің кітаптары мен марапаттары орын алған. Осылайша «Қазағымның бір әнін салып кетсем...», деп армандаған  Тұрсынай Оразбаева шын мәнінде «Өлмейтұғын ұлы ағысқа» айналып отыр. Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ақпараттық  білім беру орталығының кітапханашысы. Шымкент қаласы